Павлодарлық кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексіне өтудің маңызды шарты түсіндірілді

Павлодарлық кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексіне өтудің маңызды шарты түсіндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Енді оңайлатылған декларация режимімен жұмыс істейтін жергілікті кәсіпкерлер 2026 жылдың басында өз таңдауын ресми түрде растауы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл талап бөлшек салық пен белгіленген шегерімді пайдаланатын салық төлеушілерге де ортақ, сондықтан павлодарлық бизнес иелеріне өтпелі кезеңнің талаптарын ертерек зерделеу ұсынылады.

– Жаңа ережеге сәйкес, оңайлатылған режимде қалу үшін 2026 жылғы 1 қаңтар мен 1 наурыз аралығында арнайы хабарлама жолдау міндетті. Осы уақыт ішінде құжат тапсырған кәсіпкерлер ғана жыл басынан бастап «оңайлатылған декларация» режимін қолданушы болып есептеледі. Бұл ретте Салық кодексінің 840-бабында көрсетілген мерзімдер мен шарттарды қатаң сақтау маңызды, әйтпесе бизнес автоматты түрде басқа салық салу жүйесіне ауыстырылуы мүмкін, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

Павлодарлық салық төлеушілер үшін хабарлама жіберудің бірнеше оңтайлы жолы қарастырылған. Кәсіпкерлер «Салық төлеушінің кабинеті» немесе «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы ЭЦҚ-мен қол қойып, үйден шықпай-ақ құжатты жолдай алады. Сондай-ақ екінші деңгейлі ірі банктердің қосымшалары да осы қызметті ұсынады. Ал цифрлық форматты қолайсыз көретіндер үшін Павлодар қаласы мен аудандардағы Мемлекеттік кірістер басқармаларына барып, хабарламаны қағаз түрінде тапсыру мүмкіндігі де сақталып отыр.

Жақын арада салық төлеушілердің жеке кабинеттеріне нақты іс-қимыл алгоритмі жазылған push-хабарламалар жіберіле бастайды. Мамандар ағымдағы жыл аяқталғанша салық режимін айқындап, шешім қабылдауға кеңес береді. Бұл қадам өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдеріне жаңа экономикалық жағдайда жұмысын іркіліссіз жалғастыруға және артық салықтық жүктемеден аулақ болуға көмектеседі.