Павлодар облысының әкімі Железиндегі шаруа қожалықтарының көктемгі дайындығымен танысты

Павлодар облысының әкімі Железиндегі шаруа қожалықтарының көктемгі дайындығымен танысты

Аудандағы диқандар дайын екендерін, тек қолайлы ауа райын күтіп жүргендерін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байханов ауданға жұмыс сапары барысында алдымен Церковное ауылындағы «Черепанов Г.М.» шаруа қожалығына барды. Қожалық егіншілікпен де, мал шаруашылығымен де айналысады. «Герефорд», «ангус» асыл тұқымды ірі қара ұстайды. Бүгінде ірі қара басы 1250-ге жеткен. 

Шаруа қожалығының басшысы Георгий Черепанов техникалар жаңарып, жағдай жақсарғанын, бірақ құрғақшылық қиындық тудырып тұрғанын айтты. 

– Көктемгі егін жұмысына дайынбыз. Жанармайды 100 пайыз қамтып алдық. Мал шаруашылығы да жақсы жүріп жатыр. Жеріміз бар. Гектар бойынша жер жеткілікті. Алайда, ол жерлерде құрғақшылықтың кесірінен шөп жоқ. Өспей жатыр. Қазіргі уақытта жел болып тұр. Ол да алқапқа кері әсер етуде, – деді Георгий Черепанов.

Аймақ басшысы Асайын Байханов қазіргі жанармай қымбаттап жатқан уақытта жанармайды толық қамтып алғандары жақсы болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол республика бойынша жанармай біздің облыста ең арзаны екенін айтты. 

Одан кейін аймақ басшысы Железин ауылындағы «КАБ» ШҚ барды. Шаруашылық картоп пен астық тұқымдастарын өсірумен айналысады. 2165 га егін алқабы бар. 

– Бізде барлық жер суармалы деуге болады. Биыл 220 гектар алқап суармалы жерлерге айналдырылады. Сонда бір бөлігі ғана қалады, – деді ШҚ басшысы Тимур Кабдулов.

Облыс әкімі шаруа қожалықтың жағдайы жақсарғанын айтып, диқандардан қандай өтініштері бар екенін сұрады. Диқандар қазіргі уақытта тек ауа райының қолайлы болғанын күтіп отырғандарын жеткізді. 

– 1,5 жылда екі көкөніс қоймасын салып, суармалы жерлердің көлемін арттырдыңыздар, әрі қойма дайындапсыздар. Мен соңғы рет келгенде 4 суару машинасы болған. Қазір олардың саны 10-ға жеткенін көріп отырмын. Техникалар жаңартылған. Жұмыс дұрыс жолға қойылған екен, – деді Асайын Байханов.

Ал, Прииртышск ауылындағы «Неупокоев В.И.» ШҚ 6,7 мың га егін алқабы бар. Қожалық бидай, сұлы, күнбағыс, судан шөбін өсіреді. Қожалықта 32 жұмыс орны ашылған. Оның 18-і тұрақты жұмыс орны. 

– Шаруашылығымыздағы өзгеріс – техникаларды жаңарттық. Көбі мемлекеттік қолдаумен алынды. Бізде телескоптық тиегіш болмаған. Оны екі жыл бұрын сатып алдық. Бұл керемет техника екеніне көзіміз жетті. Астықты бір жолда үш тоннадан көтереді. Ешқандай шаң болмайды, – деді ШҚ басшысы Владимир Неупокоев.

Айта кетейік, биыл Железин ауданында егін алқабы 206,6 мың га құрайды. Көктемгі егін жұмыстары үшін ауданға 3342 тонна арзандатылған жанармай бөлінген.

Фото: Айбек Жұматов