Павлодар облысында жұмысшы мамандарды даярлау сапасы қалай арттырылуда?

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапары аясында «Түсті металлургия жоғары колледжінде» болып, ТжКБ саласындағы бастамалардың жүзеге асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Primeminister.kz ақпараттық ресурсының мәліметінше, ол жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және олардың сапалы даярлығын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Сапар барысында Премьер-министрге өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындарға қажетті мамандардың біліктілік картасы ұсынылды. Сонымен қатар, жас мамандарды жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Осы мақсатта облыста «Жаңа кәсіптер атласы» енгізіліп, «Колледждер мен ERG компаниясының альянсы» құрылуда.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Осы бағытта Үкімет «Наурыз жұмыскер» жаңа ипотекалық бағдарламасын іске қосып, оның аясында жұмысшы мамандық иелеріне 72 миллиард теңге көлемінде 2 440 қарыз беру қарастырылған.
Бұдан басқа, инфрақұрылымды жаңғыртудың ауқымды жобалары жарияланды, оларды іске асыру үшін техникалық білімі мен жетілдіруге ұмтылысы бар жастар қажет.
Сонымен қатар инновациялар мен цифрлық шешімдерді қолданудың маңыздылығы атап өтілді. Оқу-ағарту министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, өңірдің тәжірибесі негізінде «Колледждер мен кәсіпорындардың альянсын» құру тапсырылды. Сондай-ақ облыстың «Жаңа кәсіптер атласы» шеңберінде әзірленген біліктілік арттыруды аяқтағаннан кейін диплом алу үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мамандықтарының жіктеліміне енгізу қажет.
Техникалық мамандықтардың студенттері Премьер-министрге таңдаған мамандықтары, оқудағы жетістіктері және болашақта жұмысқа орналасу жоспарлары туралы айтып берді.
– Темір жонушы мамандығы – машина жасауда кең таралған әрі сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Менің бұл саланы таңдауыма себепші болған және алғаш осы мамандыққа қызығушылығымды оятқан – менің ағам. Алдағы уақытта өзімнің білімім мен білігімді арттырып, өндірістік салада жұмыс істеуді жоспарлап отырмын, – деді «Токарлық іс» мамандығының 2 курс студенті Қайсар Дәулетбаев.
«Электр жабдықтары» мамандығы бойынша 2 курс студенті Александр Беляев WorldSkills байқауына қатысу жоспарлары туралы айтып берді.
– Мен электр қозғалтқышын реверсивті басқару схемасы «жұлдыз-үшбұрышты» құрастырдым. Бұл схема металлургия өндірісінде, шикізатты тиеу-түсіру және болат балқыту цехтарында, конвейерлерді, диірмендерді іске қосу үшін кеңінен қолданылады, – деп атап өтті студент.
Сондай-ақ 4 курс студенті Илья Горловтың WorldSkills және ERG Skills байқауларында жеңімпаз атанған жұмыстары көрсетілді.