Павлодарлық көпбалалы ана: Шілдехана – сәбидің дүниеге келгендегі алғашқы тойы

Павлодарлық көпбалалы ана:  Шілдехана – сәбидің дүниеге келгендегі алғашқы тойы

«Күміс алқа» иегері Бәтима Иманғазина қазақы салт-дәстүрдің бірі – шілдехана жоралғысы туралы айтып берді, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

– Шілдехана – сәби дүниеге келгенде жасалатын той. Мен өзім дүниеге алты бала әкелдім. Олардың төртеу – қыз, екеуі – ұл. Бүгінде сол балаларымнан көрген немере-жиендерімнің, шөберелерімнің қызығына кенеліп отырмын. Әрбір шаңырақ үшін сәби – Алланың берген үлкен сыйы. Келіннің ай-күні жетіп, толғағы ұстаған кезде жарысқазан жасалады.  Бұл тойда «Балаңыздың бауы берік болсын!» деген құттықтау айтылып, шашу шашылады. Біздің отбасымыз да бұл салт-дәстүрдің ешбірінен қалыс қалған емес, –  дейді  Бәтима Иманғазина. 

Бүгінде жасы 80-нен асқан ақ жаулықты әженің айтуынша, нәресте жарық дүние есігін ашқан сәтте жақындарына қуанышты жаңалықты жеткізуге асыққан жан сүйінші сұрайды.  Сүйінші хабарды жеткізгендер ұл туса – «ат ұстар» немесе «жылқышы», қыз туса – «көйлек тігер» деп хабарлаған.  

Сәби туғаннан кейін 40 күнге дейінгі уақыт қауіпті кезең болып саналған. Сондықтан бала мен ананы тіл-көзден сақтау, жын-шайтандардан қорғау  мақсатында нәрестеге көп адамды жолатпай, екеуін де жақсылап күткен. 

– Шілдехана тойына арнайы мал сойылып, конақтарды күтеді. Ал қалжаның еті босанған келінге тартылады. Бұл ретте малдың мойын сүйегі міндетті түрде мүжілуге беріледі.  Жаңа босанған келіншекті қалжамен күту, сорпамен терлетудің маңызы зор. Себебі, әйел босанғаннан кейін бүкіл денесі балқып, тістерінің түбі де босаңқырайды екен. Соны бекіту үшін мойын сүйекті мүжу керек. Сондай-ақ сәбидің былқ-сылқ еткен мойыны да осы сүйекті таза мүжісе, тез бекиді, – дейді зейнеткер. 

Сондай-ақ ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, балаларының қуанышына кенеліп отырған ақ жаулықты әже  құрсақ көтерген ананың жүрегі тыныш болу керек екенін еске салады. 

– Перзент күтіп жүрген ананың көңіліне қаяу түсірмей, барынша жылулық пен мейірімге бөлеудің маңызы зор. Себебі, ол сол әулеттің ізін жалғастыратын ұрпақты дүниеге әкеледі. Ал ананың жүрегі тыныш, көңіл күйі жақсы әрі дұрыс тамақтанатын болса, жарық дүние есігін ашатын баланың да дені сау болады, – дейді ол.