Павлодарлық медресе шәкірті: Қадір түні өмірімді өзгертті

Павлодарлық медресе шәкірті: Қадір түні өмірімді өзгертті
Фото: pixabay

Павлодарлық медресе шәкірті: Қадір түні өмірімді өзгертті
Биыл елімізде қасиетті Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түнге келді. Бұл түні жасалған құлшылық мың айға, яғни сексен үш жылға тең деседі.
Қадір түнінің маңыздылығы жайлы @Pavlodarnews.kz тілшісіне Павлодар облысы әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақерке Тұрғынбай кеңінен айтып берді.


– Санаулы күндерден кейін қимастық сезіммен Рамазан айымен де қоштасамыз. Аз ғана қалған күндерімізде мейлінше көбірек ғибадат жасауға шақырамын. Қадір түні – Құран түскен түн. Қадыр түнінің ұлықтығы мен артықшылығы жайында Алла Тағала былай деді: «Расында, Біз оны (Құранды) Қадыр түні түсірдік». Сол себепті, мұсылмандар Алла разылығы үшін ниет етіп, барынша сауапты істер жасауға тырысады, – дейді сектор жетекшісі.

Ұстаздың айтуынша, Қадір түні «Таршылық» мағынасында да келеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтады: «Шын мәнінде Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады» дейді. Яғни, жер тарлық етеді. Келесі «Ұлық түн» - адамның тағдыры бекітілетін күн. Бір жылда адамның тағдырын бекітеді екен. Сондай-ақ «Құлшылық» түні деп те атайды.


– Имам Аль-Куртуби «Мың айдан да қайырлы» деген сөз «бүкіл заман» мағынасын білдіреді. Сол себепті, мейлінше дүниелік нәрселерді тастап, Алла разылығы үшін құлшылық жасауға көңіл бөлгеніміз жөн, – дейді Ақерке Тұрғынбай.

Қадір түнінде ауа райы бірқалыпты тынық, ыстық та, суық та болмайды, күн қызарып шығады, жағымды жел соғып тұрады. Есендік, амандық түні деп атайды. Адам баласы шайтаннан, жыннан аман-есен тыныштықта болады. Құлшылық еткен адамның жүрегінде тыныштық, рақат сезімі байқалады.
Қадір түнінің дәрежесі - өте жоғары. Алла Тағаланың адамның ризық-несібесін арттыратын түн - Қадір түні.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылық ететін болса, Алла Тағала оның бұрынғы істеген барлық күнәсын, кемшіліктерін, қателіктерін кешіреді» деген. Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды.
Әл-Фаруқ мешітінің шәкірті Майгүл Қанатқызы Қадір түні өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтады.

– Рамазанға келмей тұрып, үлкен сынақта жүрдім. Қарыздарым болды. Қадір түні, Рамазан айында жасаған құлшылықтарымнан кейін Алланың қалауымен өмірім жақсы жаққа өзгерді. Ішкі әлемім, жандүнием өзгерді. Ойыма, сөзіме мән бере бастадым. Жұмысым реттелді. Қарыздарымнан құтылдым, – дейді Майгүл Қанатқызы.

Ол Рамазан айында Алла Тағала дұғаларымды қабыл етеді деген нық сенімнің арқасында ойлаған мақсаттарына жетіп, шешілмей жатқан мәселелеріне жауап тапқан.


– Өткен жылы Қадір түнін ерекше күттім. Таң атып бара жатқан кезде, Қадір түнінің белгілерін сезіндім. Ерекше әсерде болдым, – деп Майгүл Қанатқызы өз әсерімен бөлісті.

Сұхбаттасушылар барша мұсылмандарды Қасиетті Рамазан айымен құттықтап, Алланың нәсіп еткен мың айдан да хайырлы Қадір түнін құлшылықпен өткізуді ескертті.
Айта кетейік, Қадір түні ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады.