Павлодарлық сарбаздарға жауынгерлік қару табысталды
Жалпы 200-ден астам сарбаз қару алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің жас сарбаздарына қару табыстау рәсімі өтті. Аталмыш іс-шарада 211 сарбаз қару алды. Айтулы шараға әскери бөлім офицері, әскери бөлім ардагерлері, сондай-ақ өзара бірлесіп іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері қатысты.
– Күні кеше семсер сүйіп серт беріп, ант қабылдадық. Бұл күн - мен үшін мерейлі және жауапты сәт. Өйткені, қолымызға жауынгерлік қару алып тұрмыз. Өзімді құдды шайқасқа дайын бес қаруы сай батырдай сезінемін. Енді мен Ұлттық ұлан қатарында азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз етіп, ел тыныштығын күзетуде жан аямай қызмет етуге дайынмын, –дейді 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Серіжан Сейтжан.
Енді сарбаздар өздеріне тапсырылған қаруға бір жыл бойы жауапты болады. Отан алдындағы борышын адал атқаруға ант берген жауынгерлер Ақмола, Абай, Солтүстік және Шығыз Қазақстан облыстарынан әскерге шақыртылған. Алдағы уақытта мерзімді әскери қызметшілер Павлодар қаласындағы қоғамдық тәртіпті күзететін болады.