Павлодарлық мектептерде бір күн қағазсыз өтті

Павлодарлық мектептерде бір күн қағазсыз өтті
Фото: Константин Шелков

Акцияға 100-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Экология және туризм орталығы ұйымдастырған «Қағазсыз күн» облыстық акциясының қорытындысы шығарылды. Шараға қаланың 47 білім беру ұйымынан 120-дан астам оқушы қатысты.

Акцияны білім беру басқармасы мен Павлодар қаласы білім беру бөлімінің балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы бірлесіп өткізді. Мақсаты – білім алушыларды заманауи қағазсыз технологияларға тарту арқылы планетаның жасыл қорын үнемдеуге қалай үлес қосуға болатындығын көрсету.

Акция шарттары бойынша қатысушылар мазмұны, идеялары мен ұсыныстары көрсетілуі тиіс бейнеролик түсіру керек болды. Оқушылар «Қағазсыз бір күн», «Екінші өмір – екінші тыныс» номинациялары бойынша қағазсыз қалай және қандай жағдайдан шығуға болатынын көрсетті. 

Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды А. Байтұрсынұлы атындағы мектеп оқушысы Нұралим Манарбек, екінші орынды № 26 ЖОМ оқушылары Роман Трифонов, Аяла Ақан, үшінші орынды М. Әуезов атындағы мектеп оқушылары Дмитрий Бибичук және Нұрғазы Нұралиев иеленді.