Тереңкөл мектебінде ұмытылған ұлттық ойын «Ләңгі» қайта жаңғырды
![Тереңкөл мектебінде ұмытылған ұлттық ойын «Ләңгі» қайта жаңғырды](https://pavlodarnews.kz/uploads/images/202502/image_750x_67ae24a8525a6.jpg)
Семинарға қатысқан мамандар ләңгіні өз мектептерінде де кеңінен тарату керектігін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ләңгі – қазақ халқының ғана емес, қырғыз, өзбек, татар, қытай және моңғол халықтарының да танымал ойыны. Оны жасау үшін кәдімгі доп немесе малдың терісі (көбіне ешкінікі) пайдаланылады, ал оған бірнеше қауырсын бекітіледі. Ойын негізінен адамның ептілігі мен шапшаңдығын дамытады.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Даналық мектебі: үйлесімді тұлға қалыптастырудың негіздері» атты облыстық семинарда Қатша Оспанова атындағы №3 жалпы орта білім беру мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімі Айнұр Шамшиева ләңгі ойынын насихаттады.
– Оқушылар қоңырау уақытында ләңгіні жиі ойнайды. Бұл олардың бос уақытын тиімді өткізуіне көмектесіп, сонымен қатар жасөспірімдер арасында бәсекелестік рухын қалыптастырады, – дейді Айнұр Шамшиева.
Семинарға Ақсу, Аққулы, Железинка және Ертіс аудандарынан келген директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен пән мұғалімдері қатысып, ләңгі ойынына ерекше қызығушылық танытты. Олар өз мектептерінде де бұл ұлттық ойынды кеңінен таратуды ұсынды.