Павлодарлық оқушылар өз таланттарын аша білді

«Үлкен өзгеріс» облыстық жобасының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқушылар Павлодар білім бөлімінің «Павлодар дарыны» балалар дарындылығын дамыту және жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырған байқаудың жеті бағытында бақ сынасты. Жоба «We love sports», «А вот и мы. Давайте познакомимься», «Менің арманымдағы мектеп», «Favorite book», «Школьная пора», «Твори и дари добро», «Best class» атты тақырыптық бағыттарды қамтыды. Жарыс өткен оқу жылында басталды.
– Жобаны іске асырудың барысында құрамында 7-8 сыныптардың 813 оқушысы бар 36 команда болды. Әр кезеңнің қорытындысы бойынша ең аз ұпай жинаған бес команда шығып отырды. Жобаның финалистері 244 оқушыдан тұратын 10 команда болды, – дейді ұйымдастырушылар.
Жобаның қорытындысы бойынша бас жүлде мен ауыспалы жоба кубогын, Баянауыл ұлттық паркіне бір күндік турдың жолдамасын 8-сыныптың 23 оқушысынан тұратын К. Мақпалеев атындағы ЖОМ командасы жеңіп алды.
– Сайысқа қатысу қызықты болды, бізге ұнады. Жоба барысында бізге қолдау көрсетіп, көмектескендердің барлығына алғысымызды білдіреміз, – дейді бас жүлде иегерлері.
Бірінші орынды №25 ЖОМ оқушылары, екінші орынды №26 ЖОМ, Кенжекөл ЖОМ, № 40 ЖОМ, А. Байтұрсынұлы атындағы мектептің оқушылары, үшінші орынды №7 ЖОМ, М. Әуезов атындағы ЖОМ, С. Торайғыров, Ә. Бөкейхан атындағы мектептердің оқушылары қанжығаларына байлады.
Жүлделі орындарға ие болған командалар Павлодар қаласы білім беру бөлімінің түрлі деңгейдегі дипломдарымен және сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылар «Павлодар дарыны» орталығының сертификаттарын алды.