Павлодарда шаңғы базасының құрылысы келесі жылы аяқталады
Мердігер жоспарланған жұмыстар бойынша кестеден артта қалғандықтан, жоба 2024 жылға ауысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық-дене тәрбиесі жұмысы бөлімінің басшысы Әсел Қожанова мәлім етті.
– «Зеленая роща» шаңғы базасы мекемесінің құрылысы осы жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарланған болатын. Алайда мердігер кестеден кешігіп жатыр, сондықтан жоба келесі жылға ауысады. Нысанның ішінде спорт зал мен спортшылар үшін киім ауыстыратын жер қарастырылады, – деді Әсел Қожанова.
Оның сөзінше, биыл облыста 177 спорт алаңы салынып, алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Тамыз айында су жаңа жекпе-жек орталығы ашылды.
– Келесі жылы Ақсу қаласындағы мұз сарайының құрылысы аяқталады. Елді мекендерде 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланған. Ал «Ауыл - ел бесігі» жобасы бойынша Шарбақты ауданының Шалдай мен Ақсу қаласының Үштерек ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға қаражат бөлінеді,–деді Әсел Қожанова.
Бұдан бөлек «Спорт-сити» кешенінде екі жобаны іске асыру жоспарда тұр: жеңіл атлетика манежі, көркем гимнастика орталығын салу. Спорт басқармасы нақты уақыт мерзімін айта алмайды, себебі ең алдымен жер мәселесі шешілу керек. Сатып алынған жерлерді мемлекетке қайтарғаннан кейін бұл жобалар қарастырылатын болады.