Павлодарлық полицейлер тыл еңбеккерлерін құттықтады

Оларға азық-түлік себеттері берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай департамент бастығының орынбасары Жандос Орынбаев пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев ішкі істер органдарының тыл еңбеккерлерінің отбасыларына барып, мерекемен құттықтады.
Жеңіс күнімен құттықтауды Қабиден Жетпісов, Николай Зинченко, Қаншайым Кожегульдинова, Мәдениет Арынов, Егор Маликов және Төлеш Иманжапаровтың отбасылары қабылдады.
Жандос Орынбаев соғыстан кейін қылмыспен күреске зор үлес қосқан ардагерлерге алғысын білдірді.
– Павлодар полициясының басшылығы мен барлық жеке құрамының атынан сіздерді Жеңіс мерекесімен құттықтаймын! Тек соғыс алаңдарында ғана емес, сонымен қатар тылда да көрсеткен жауынгерлік ерліктеріңіз үшін, соғыс уақытындағы ең ауыр сынақтардан абыроймен өтіп, елді қалпына келтіргеніңіз үшін рақмет, – деді Жандос Орынбаев.
Ол ардагерлердің туысқандарына денсаулық, қуаныш, бақыт, сәттілік, ертеңгі күнге деген сенім тіледі.
Барлық ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске-80 жыл» мерекелік медальдары мен азық-түлік себеттері табысталды.
Өз кезегінде тыл ардагерлері полицейлердің бөлген уақыты мен көңілі үшін алғыстарын білдірді.