Павлодарлық сарапшы: Біз ауқымды өзгерістердің табалдырығында тұрмыз
Өз пікірін Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Аслан Азербаев білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен V Ұлттық құрылтайда қабылданған негізгі шешімдерді талдау еліміздің ауқымды өзгерістердің табалдырығында тұрғанын көрсетеді.
– Ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзін мәдениет, құндылықтар мен адамгершілік мәселелерінен бастағанын атап өткім келеді. Дәл осы этикалық өлшем барлық реформалар мен жаңашылдықтардың өзегіне айналып отыр. Президент сондай-ақ экономика, өнеркәсіп, технологиялар, оның ішінде жасанды интеллект саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Азаматтарымыздың дүниетанымы, адал еңбегі, әділдікке ұмтылысы және заңға деген құрметі – жүзеге асырылып жатқан барлық өзгерістердің берік іргетасы, – деді Аслан Азербаев.
Сарапшының пікірінше, дәл осы қасиеттер Мемлекет басшысының бастамалары мен тұтас халықтың игі істерінің табысты жүзеге асуына негіз болып отыр.