«Бабамнан қалған мұра»: Павлодарлық оқушылар ұлы тұлғалардың аттарымен ауылдар құрды

«Бабамнан қалған мұра»: Павлодарлық оқушылар ұлы тұлғалардың аттарымен ауылдар құрды
фото: Дарынды балаларға арналған мектеп-интернат

Аталмыш жиында мектеп оқушылары 18 ауылға бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінде оқушылардың қатысуымен биылғы  жылы тойланатын мерейтой  иелеріне арналған «Бабамнан қалған мұра» атты салт- дәстүрлер  фестивалі  ұйымдастырылды.

Іс-шарада Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Әбілхан Қастеев, Бердібек Соқпақбаев, Қанаш Қамзин, Әлкей Марғұлан, Ілияс Жансүгіров, Шоң би Едігеұлы, Тұрар Рысқұлов, Андрей Елгин, Рақымжан Қошқарбаев, Дмитрий Багаев, Әбілқайыр Баймолдин, Шорман би  сияқты ұлы тұлғалардың аттарымен құрылған ауылдар көрініс тапты. 

– Бүгін мектебімізде жаңаша форматта оқушыларға Наурыз мерекесін өткіздік. Биылғы жылғы тойланатын мерейтой иелерімен ауылдар атау алды. Бұл үрдісіміз жалғасын табады деген ойдамыз, – дейді дарынды балаларға арналған  музыкалық мектеп-интернатының кітапханашысы Алмагүл Бұзаубаева.

Оның айтуынша, бұдан бөлек, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы атауларына ие болған ауылдар бой көтерді. Әр ауыл сол дәуірдің өмірінен көрініс көрсетті. Сондай-ақ, қыз бен жігіт айтысы, ал салт-дәстүрлерден ұйқыашар, селтеткізер дәстүрлері сахналанды.

Мәселен, 6 сынып оқушылары Шоң би Едігеұлының өмірінен, дау кезеңдегі ғұмырын көрермендерге паш етті. Мектеп оқушылары ауылдарды сол кездегі заман талабына сай безендірген. Онда жәдігерлер де орын алған. 

Айта кетейік, мектеп ұжымы Наурыз мерекесін «Ұлыларды ұлықтау – ұрпағымызға аманат» мақсатымен ұйымдастырды.