Павлодар облысында пеште қалған асқа байланысты жиырмадан астам оқиға тіркелді
Өрт сөндірушілер қарапайым салғырттықтың ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде 2026 жылдың басынан бері пеш үстінде бақылаусыз қалған асқа байланысты 26 жағдай тіркелген. Мамандар мұндай оқиғалар көп жағдайда тұрмыстық ұсақ жағдай ретінде қабылданғанымен, өртке себеп болып, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтеді.
Кезекті жағдай 2 сәуірге қараған түні Павлодар қаласындағы Заслонов көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйде болды. Құтқарушыларға пәтерден түтін шыққаны туралы хабарлама түскен.
– Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер барлау барысында пеш үстінде бақылаусыз қалған тамақты анықтап, өрттің алдын алған. Белгілі болғандай, пәтер иесі мас күйінде болған. Осы факті бойынша оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, қосылған тұрмыстық техниканы қараусыз қалдырмау қажет, себебі аз ғана салғырттықтың өзі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.