Павлодарда қазақ радиосында із қалдырған Суат Әбусейітовті еске алды

Павлодарда қазақ радиосында із қалдырған Суат Әбусейітовті еске алды

Әнші қазақ радиосының алтын қорына екі жарым мыңдай ән, романс, ариялар жазып қалдырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі, әнші, киноактер Суат Әбусейітовтің 95 жылдығына орай «Тербеледі тың дала» атты көрме ұйымдастырылды.

Суат Әбусейітов – қазақ ән өнеріндегі жарқын жұлдыз. Ол тұңғыш рет қазақ халық әндерін ғылыми тұрғыдан зерттеп, ғажап дауысымен бұзылмаған күйі бүгінге жеткізді.

Әнші 1929 жылы 4 қарашада Павлодар облысы Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның вокалды – ән факультетінде оқып жүріп, «Қазақфильм» студиясында «Бұл шұғылада болған еді», «Біз мұнда тұрамыз», «Найзатас баурайында» тағы басқа көптеген толық метражды фильмдерге түседі. 1955-1963 жылдар аралығында Қазақ Мемлекеттік академиялық ән-би ансамблінде әнші-вокалист, 1963 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қазақ теледидары мен радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрінде әнші болып қызмет атқарды.

 –     Ерекше бояуымен есте қалған әнші 40 жылдан астам еңбек жолында қазақ радиосының алтын қорына екі жарым мыңдай ән, романс, ариялар жазып қалдырды. 1957 жылы Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің Бүкілодақтық фестивальінде халық әндерін үздік орындағаны үшін І дәрежелі диплом алып, фестиваль лауреаты атанды, – деді Маржан Шайхымова.

Әншінің әкесі Әуезбек сері адам болған домбыра шертіп, ән салған. Кішкене жасында ән мен жырдың ортасында өскен талант, ес білген кезден бастап ән айтуға құмар болады. Таланттарын байқаған әке балалары Қуат пен Суатты Кереку қаласындағы Абай атындағы №10 қазақ мектебіне оқуға береді. Мектепте білім алып жүрген бала әнші он жасында ақын, композитор, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбайұлы мен  Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевпен бірге ел аралап, халық арасында өнер көрсетеді. Әнші Естай ақынның әндерін өз аузынан естіп, кейін репертуарына енгізіп, сүйіп орындайды.

Бойына түрлі өнерді жиған талант иесі орындаған әндер ешкімге ұқсамайтын ерекше бояуымен халық жадында.