Павлодар облысында амнистия аясындағы сотталғандарға құқықтық қолдау күшейтіледі

Павлодар облысында амнистия аясындағы сотталғандарға құқықтық қолдау күшейтіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Заң аясында мыңнан астам сотталған адам қамтылады, олардың кейбірі босатылады, ал басқаларының жазасы жеңілдетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған «Амнистия туралы» заңның орындалуы мәселелері талқыланды. Бұл тақырыпта «AMANAT» партиясының облыстық филиалында жұмыс кеңесі өтті. Кеңеске Мәжіліс депутаттары Вера Ким мен Жарқынбек Амантай, сондай-ақ полиция, прокуратура, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, миграция қызметі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өкілдері және №63, 44, 45, 46 түзету мекемелерінің басшылары қатысты.

– Кеңестің басты мақсаты – амнистия заңын Павлодар облысы аумағында қолданудың механизмдері мен тәжірибесін қарастыру болды. Депутат Жарқынбек Амантай амнистия заңының алты ай бойы күшінде болатынын, осы кезеңде көп сұрақтар туындайтынын және әр жағдайды мұқият қарау, азаматтарға нақты әрі түсінікті жауаптар беру міндеті тұрғанын атап өтті. Сонымен бірге, амнистия кейбір ауыр қылмыстарға – адам өліміне әкелген сыбайлас жемқорлық әрекеттері мен мемлекеттік бөлінуге қолданылмайтыны ескертілді, – делінген хабарламада.

Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, заңның аясында 1000-нан астам сотталған адам қамтылады. Олардың ішінде жабық мекемелерде 507 адам бар, оның 50-і бостандыққа шығарылады, қалған 457-нің жазасының мерзімі қысқартылатын болады. Пробация қызметі арқылы 554 адам қамтылады, оның 206-сы босатылады, 348-нің жазасы жеңілдетіледі, олардың ішінде 57 адам әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топқа жатады.

Кеңес барысында ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту, сотталғандар мен олардың отбасыларын құқықтық қолдау, уақтылы ақпараттандыру және амнистияға ілінген азаматтардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.