Павлодарлық кәсіпорындар қоршаған ортаны азырақ ластай бастады

Павлодарлық кәсіпорындар қоршаған ортаны азырақ ластай бастады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Экологияға ең көп зиян тигізетін – Екібастұз қаласы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында атмосфераға шығарылатын барлық шығарындылардың 95 пайызға жуығы бірінші санаттағы кәсіпорындардың қызметімен байланысты, олардың ішінде отын-энергетика кешені, металлургия және мұнай-химия өнеркәсібі кәсіпорындары басым.

Шығарындылардың ең көп көлемі Екібастұзда – 410 мың тонна. Бұл туралы облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков айтты.

– Облыстағы кәсіпорындарының биылғы жылы қоршаған ортаға эмиссияларының жалпы лимиттері 926 мың тоннаны құрды, – деді спикер. – 9 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік шығарындылардың көлемі 508 мың тоннаға жетті. Талдау жалпы шығарындылардың төмендеу тенденциясын көрсетеді.

2021 жылы кәсіпорындар 730 мың тонна қалдық шығарса, 2022 жылы – 726 мың, 2023 жылы 703 мың тоннаны құрады.

Қанат Мұсапарбековтың айтуынша, биылғы жылы 91 тексеру жүргізіліп, 114 табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуы анықталған. Барлығы 67 айыппұл салынып, оның 63-і төленді.