Павлодарлық сотталушы түрмеде ақша табуда

Павлодарлық сотталушы түрмеде ақша табуда
Фото: Захар Шишко

Ол балаларға арналған ойыншықтар мен жиһаздар жасайды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

№45 колонияда жазасын өтеп жатқан ер адам 2022 жылдың сәуір айында жасаған қылмысы үшін жеті жылға сотталған.  Қарақшылықпен айналысқаны үшін істі болған азаматтың еркіндікке шығуына үш жыл он ай қалды. 

– Қарақшылық және тонау қылмыстары бойынша абақтыға қамалдым. Бүгінгі таңда бос отырмай, шеберханада жұмыс істеймін. Шеберханада бес адам еңбек етеді. Ерекше балаларға арналған экологиялық таза ойыншықтар мен жиһаздар жасаймыз. Қазір балабақшаға арналған орындықтар жасаудамыз, – дейді кейіпкер. 

Ол сотталғанға дейін де шеберханада жұмыс істегендіктен, бұл салада тәжірибесі бар. Оны бостандықта жары мен қызы күтуде.  

– Ай сайын жасаған жұмысымыз үшін 85 мың теңге беріледі. Мен жартысын жұбайыма, жартысын осында керек-жарағыма жұмсаймын. Түрмеде бос жатқаннан, мерзімімді пайдамен өткізгенім дұрыс қой, – дейді кейіпкер. 

Сотталушы жасаған қылмысы үшін өкінетінін айтып, бостандықта жүрген азаматтарға жақын жандар мен отбасын бағалауға, жаман істерге бармауға, адал ақша табуға кеңес берді. 

Сонымен қатар, сотталғандар көбікблоктар, автокөліктерге арналған бамперлер, шкаф жиһаздарын, үстел ойындарын, қораптар, барбекю жиынтықтары сияқты металл бұйымдарды жасайды.