Павлодарлық спортшылар жүзуден ел чемпионатында үш медаль еншіледі
Талдықорғанда жүзуден ҚР ашық чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Су спорты түрлері федерациясының мәліметінше, Орталық жүзу бассейнінде өткен жарысқа еліміздің 16 өңірінен 300 спортшы қатысты. Павлодар облысынан чемпионатта 10-ға жуық спортшы сынға түсті.
Ел біріншілігінде әйелдер командасы 2 күміс, 1 қола медаль олжалады. Өкінішке орай, ерлер командасы жүлдеге қол жеткізе алған жоқ.
50 метрге брасс әдісімен жүзуде Вероника Гейнц, 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Арина Олифирович күміс медаль иеленді. Ал, жасөспірімдер арасында бақ сынаған София Часовских 50 метрге арқамен жүзуде қола медаль алды.
Айта кетейік, бұл жолғы чемпионатта ұлттық құрамада өнер көрсететін павлодарлық Аделаида Пчелинцева Түркістан облысының атынан шықты.
Аделаида брасс әдісімен 50 метрге жүзуде алтын, 100 және 200 метрге жүзуде күміс медаль жеңіп алды.
Бұл ҚР чемпионаты алдағы Жапонияда өтетін Әлем чемпионатына және 2024 жылғы Париж олимпиадасына іріктейтін лицензиялық жарыс болды. Нәтижесінде Әлем чемпионатына 6 спортшы іріктеуден өтті. Олардың арасында Аделаида Пчелинцева да бар.
Фото: ашық дереккөздерден