Павлодар облысында орманшылар шыршаларды кеспеуге шақырады
Железин ауданындағы орман мекемесінде қылқан жапырақты екпелерді қорғауды күшейтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Үрлітүп орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-нің орман күзеті, жаңа жыл қарсаңындағы кезеңде қылқан жапырақты жас ағаштарды заңсыз кесуге жауапкершілік шараларын күшейтті.
– 1 желтоқсаннан бастап біздің мекемеде қылқан жапырақты екпелерді заңсыз кесу, дайындау, тасымалдау және жүзеге асыруды алдын алу іс-шаралары өткізілуде. Орманшылықтарда орман күзетінің құрамында полиция қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік топтар құрылған,– делінген хабарламада.
ҚР ӘҚБтК-нің 381-1 бабының 2-бөлігінде 100 АЕК-ке дейін залал келтіре отырып, бір кішкентай ағашты заңсыз кескені үшін, заңсыз кесілген ағаштар, көрсетілген бұзушылықтарды жасау құралы болған бұзушының көлік құралдары және өзге де заттары тәркілене отырып, 100-ден 1000-ға АЕК-ке дейін айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен бірге, ҚР ҚК-нің 340-бабының 2-бөлігінде, 100 АЕК-тен астам залал келтіре отырып, орман қорына кіретін ағаштарды заңсыз кескені үшін, мүлкі тәркіленіп, 2000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаупкершілік көзделген.
– Сізден жаңа жыл қарсаңында шырша ағаштарын заңсыз кесу фактілерін болдырмай, табиғатымызға мұқият қарауға сұраймыз,– делінген хаюарламада.
Орман қызметкерлері қылқан жапырақты екпелерді заңсыз кесу фактісінің куәгері болып қалған жағдайда 8(71831)2-24-63 немесе 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласуды сұрайды.