Павлодарда саяжайлар маңында өрт қауіпсіздігі күшейтілді

Павлодарда саяжайлар маңында өрт қауіпсіздігі күшейтілді
Фото: Константин Шелков

Құтқарушылар күндізгі патруль ұйымдастырып, тілсіз жаудың алдын алу шараларын жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда алдын алу жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде. Өрт ошақтарын ерте анықтау үшін авиация мен жылу түсіргіші бар ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады. Сонымен қатар орман алқаптарына тұрақты түрде ғарыштық және бейнебақылау жүргізілуде. Төтенше жағдайлар департаментінің жүйесіне 41 камера қосылған, ал Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағында қосымша сегіз камера орнату жоспарланған. 

- Өрт қауіпті кезең басталғалы бері біз барлық күш пен құралды толық дайындыққа келтірдік. Негізгі мақсат – отты ерте анықтап, оның ауқымды таралуына жол бермеу. Жалынға қарсы әрекет ету үшін өңірде 71 техника мен 117 адамнан тұратын арнайы топ дайындалған. Бұдан бөлек, 49 мобильді топ рейдтік жұмыстар жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауда, - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.

Сәуір айының алғашқы күндерінде өңірде бірнеше өрт тіркелді. Атап айтқанда, жалпы аумағы 23 гектарды қамтитын екі орман және 2 гектар дала өрті жойылды. Сонымен қатар, «Яблонька» саяжайында тұрғындардың от жағуының соңы тілсіз жаудың тұтануына алып келген.

Мамандардың айтуынша, табиғи өрттердің басым бөлігі адам факторынан болады. Сөндірілмеген от, темекі тұқылы және құрғақ шөпті заңсыз өртеу – негізгі себептердің бірі. Осындай жағдайлардың бірі Аққулы ауданында тіркелді. Онда жалын орман алқабына таралып, кінәлі тұлғаға 32 437 теңге айыппұл салынған.

Өрт қаупі маусымына дайындық аясында авиациялық қызмет те күшейтілген. Орман алқаптарын патрульдеу үшін жүздеген сағат ұшу уақыты бөлініп, тікұшақтар мен арнайы техника дайындалды. Атап айтқанда, су төгу құрылғысы бар тікұшақтар ірі жалындарды сөндіруге тартылмақ.

Мамандар алдағы кезеңде негізгі міндет – өртті ерте анықтау, оның таралу аумағын азайту және тұрғындар мен табиғи аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.