Екібастұзда экологиялық жұмыс тобы құрылады

Екібастұзда экологиялық жұмыс тобы құрылады
Фото: Екібастұз қалалық мәслихатының баспасөз қызметі

Мәселе қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысында талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Отырысқа «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Мариям Маликова төрағалық етті.

Отырыстың негізгі мәселесі – ағымдағы жылға арналған қалалық бюджетті нақтылау болды. Депутаттар жоғары тұрған бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттерге қатысты өзгерістерді, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарын ескере отырып, үнемделген қаражатты қайта бөлу бойынша ұсыныстарды талқылады. Егжей-тегжейлі талқылаулардан кейін комиссия мүшелері бұл мәселені алдағы сессияда бекітуге шығаруды бірауыздан қолдады.

Депутаттар ерекше назар аударған тағы бір маңызды бастама – қалалық мәслихат жанынан экология мәселелері бойынша жұмыс тобын құру болды.

Бұл жаңа жұмыстың тобының міндеттері қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізуді, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша ұсынымдар әзірлеуді және жұртшылықпен, сондай-ақ бейінді ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды қамтиды.

Бұл бастама комиссия мүшелерінің бірауыздан қолдауына ие болып, қаланың тұрақты дамуы мен табиғи ресурстарды сақтауға деген көңіл бөлуінің артқанын көрсетті.

Отырыс барысында, сондай-ақ, кадрлық өзгерістерге байланысты қалалық комиссиялар құрамындағы өзгерістер де қаралып, мақұлданды.

Талқыланған барлық мәселелер комиссия тарапынан қолдау тауып, қалалық мәслихаттың алдағы сессиясының бекітуіне шығарылды.