Павлодарда ит қапқан тұрғынға 700 мың теңгеден астам өтемақы төленеді

Павлодарда ит қапқан тұрғынға 700 мың теңгеден астам өтемақы төленеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты иттің қауып алуына байланысты шығындарды өндіру туралы істі қарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сот анықтағандай, талап қоюшы Р. газ баллондарын жеткізумен айналысады. Жауапкер К.-ның мекенжайына тапсырыс әкелген кезде оған иесіне тиесілі алабай тұқымды ит шабуыл жасаған. Салдарынан ер адам екі қолынан жарақат алып, 38 күн бойы емделуге мәжбүр болған. Сараптама бұл жарақаттарды денсаулыққа келтірілген орташа зиян деп таныды.

Ит иесі жануарларды ұстау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда ол зардап шегушіге өз еркімен көмек көрсетпеген.

– Жоғары қауіптілік көзінен келтірілген зиян үшін жауапкершілік оның иесіне жүктеледі. Иттің қауып алуы нәтижесінде зардап шегуші қатты ауырсынуды, қорқыныш пен үрей сезімін бастан өткерген, – деп атап өтті сот.

Іс барысында иттің қажетті вакцинациядан өтпегені де анықталды. Соның кесірінен зардап шегуші құтыруға қарсы екпелер алуға мәжбүр болып, денсаулығы үшін қосымша мазасызданған.

Сот шешімімен жауапкерден 750 000 теңге моральдық зиян және дәрі-дәрмекке жұмсалған 27 085 теңге материалдық шығын өндірілді. 

Шешім заңды күшіне енді.