Павлодарлық жұрт Құрбан айтты атап өтті

Мәшһүр Жүсіп орталық мешіт алдында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алла үйінің аумағында көпшілікке арналған спорттық жарыстар, балаларға арналған ғибратты викториналар және аниматорлар өнер көрсетті. Павлодарлықтар және қала қонақтары мереке атмосферасына әбден қанықты: балалардың езулеріне күлкі үйіріліп, ата-аналары қуанышқа бөленді.
Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Бертымұратов жұртшылықты мұсылмандардың бас мейрамымен құттықтап, әрбір үйге құт-береке тіледі.
- Ең маңыздысы – бір-бірімізге кешірімді, мейірбан болайық. Өйткені, Құрбан айт – құдайға жақындайтын, Алла разылығын алатын күн. Сондықтан бір-бірімізге көмектесіп, болысып, жақсылық жасауды ұмытпайық. Мереке құтты болсын, еліміз аман-тыныш болсын, - деп тіледі Жолдас Қоспақұлы.
Мереке айт намазынан басталды. Ол таңғы 06.30-да болды. Айт намазынан кейін құрмалдықты шалу рәсімі өтті.
Қазақстан мұсылмандардың Діни басқармасы осы жылы құрмалдық шалу форматын екі бағыт бойынша ұсынып жатыр. Пандемиядан бастап рәсім онлайн форматта өткізіледі. Ал екінші формат – оффлайн. Құрмалдық жері ретінде Павлодар қаласы бойынша Құлагер ипподромы бекітілген.
Құрбандықтың онлайн форматында мұқтаж адамдар qurban.muftyat.kz сайтына кіріп, өз мекенжайы мен телефон нөмірін жазып, тіркеле алады. Содан кейін имамдар еріктілермен бірлесіп, құрмалдықтан қалған етті осы жандарға таратады.