Павлодарлық жастар жаңа бағдарлама бойынша пәтерге ие болды

«Ертіс жастары» кадрлардың басқа өңірлерге кетуін тоқтатуға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Нұргүл Шевцова мен оның отбасы үшін 2025 жыл айтулы кез болды: павлодарлықтар он жылдан астам күткен жеке баспаналарына ие болды. Нұргүл Шевцова өткен жылдың соңында «Ертіс жастары» тұрғын үй бағдарламасы туралы хабарландыруды көрген бойда бұл мәселені жіті қолға алған болатын.
– Құжат тапсыру менің қолымда болды, – дейді үй иесі. – Барлық процедуралар шамамен төрт-бес айға созылды және осынша ұзақ жылдардан кейін алты айға жетпеген уақытта пәтер алу шынымен де күтпеген жағдай болды. Әрине, қуаныштымыз.
Өңірімізде жас мамандарды қолдауға бағытталған «Ертіс жастары» тұрғын үй бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Мұғалімдерге, дәрігерлерге, инженерлерге, агрономдарға және басқа да сұранысқа ие 35 жасқа дейінгі қызметкерлерге кейіннен жеңілдікпен сатып алу арқылы тұрғын үйді жалға алу мүмкіндігі беріледі. Бұл жай ғана әлеуметтік шара емес – бұл өңірдің болашағына стратегиялық үлес болып табылады.
– Мен Павлодар жоғары мұнай және газ колледжінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін, сондықтан бағдарламаға қатыстым, күйеуім зауытта жұмыс істейді. Пәтер несиеге берілген, несие сомасының бастапқы он пайызын «Отбасы банкіне» төледік, қалғанын бізге банк берді. Павлодардан екі бөлмелі пәтер алдық, барлығына ризамыз, – дейді Нұргүл Шевцова.
Бағдарлама өңірде жастарға жағдай жасау және кадрлардың кетуін азайтуға септігін тигізеді. Бірнеше жыл ішінде ондаған жас отбасының шаңырағы асқақтап, онымен бірге болашаққа деген сенім де артты.