Павлодарлық жастар Қазақстан чемпионатынан жүлдемен оралды

Павлодарлық жастар Қазақстан чемпионатынан жүлдемен оралды

Қазақ күресі бойынша белдескен павлодарлық палуандар бірінші, екінші, үшінді орынды еншіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Бұл туралы Марғұлан университетінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жүлдегерлер аталмыш оқу орнының өнер және спорт жоғары мектебінің студенттері Әсел Манат, Айтмұхамбетов Алдияр және Зарина Жақсылықова. 

Палуандар додасы 24-28 ақпан аралығында Шымкент қаласында өткен. Жарысқа еліміздің барлық облыстарынан 20 жасқа дейінгі кіл мықтылар қатысты.

Жарыс нәтижесінде өнер және жоғары спорт мектебінің 3-курс студенті Алдияр Айтмұхамбетов 84 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері атанса, 48 келі салмақта қыздар арасында Марғұлан университетінің М.Қанапьянов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 2-курс студенті Зарина Жақсылықова да чемпионаттың қола жүлдесіне ие болды.

Ал қазақ күресінен 70 келі салмақ дәрежесінде 1-курс студенті Әсел Манат Қазақстан чемпионатының абсолютті жеңімпазы атанды. 

- Менің барлық қарсыластарым жарысқа өте жақсы дайындықпен келген. Әрқайсысының өз техникасы мен күрес тактикасы болды. Бірақ барлық қиындықтарға қарамастан мен оларды жеңе білдім, – дейді Әсел.

Спортшыларды жарысқа университет оқытушылары Қайрат Темірболатов пен Жанар Усина дайындады.