Павлодарда мүгедектігі бар балаларға бір реттік төлемақы төленеді

Жәрдемақы Конституция күніне орай қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Зоя Морозова Instagram әлеуметтік желісінде «Алтын бата» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен тікелей эфирде мәлім етті.
– 30 тамыз – Конституция күніне орай жергілікті бюджеттен бір реттік төлем тағайындалады. Бұл жәрдемақы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналады, –деді Зоя Морозова.
Бұған дейін төлем алу үшін ерекше балалардың ата-аналары Генерал Дүйсенов көшесі, 80-үй мекенжайы бойынша 20 таңбалы шотты тапсыру қажет деген ақпарат тараған болатын.
– Бұл хабарлама алдағы уақытта болатын төлемдерге дайындық аясында жолданды. Қазіргі уақытта барлық әлеуметтік төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүргізіледі, – деді мекеме қызметкері.
Оның айтуынша, ата-аналардан ешқандай қосымша құжат талап етілмейді, өйткені барлық деректер онлайн жүйеде бар. Алайда, азаматтар көші-қон жасаған немесе құжаттарын жаңартқан жағдайда ақпараттар ортақ базадан жоғалуы мүмкін. Осындай жағдайдың алдын алу үшін әр ата-ана өздерінің тізімде бар-жоғын тексеріп отыруы тиіс. Егер тізімде болмаса, 20 таңбалы шот нөмірін тиісті мекемеге 1 тамызға дейін тапсыру қажет.
Облыс аумағында бір реттік төлемақыны төрт мыңнан астам адам алады. Жәрдемақы көлемі санаттарға байланысты. Осылайша, мүгедектігі бар балаларды 18 жасқа дейін тәрбиелеп отырған отбасыларға – 20 МРП (78 640 теңге), мүгедектігі бар және Қазақстан Республикасының колледждерінде ақылы негізде оқитын тұлғаларға – 30 МРП (117 960 т) және мүгедектігі бар және ҚР жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын тұлғаларға – 60 МРП (235 920 т) көлемінде ақша төленеді.
Ислам Достов