Павлодарлық қыз Үндістанда қарсыластарын алып ұрды

Делиде белбеу күресінен Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт Омаров атындағы ауыл тумасы Нұрсая Берікболқызы қазіргі кезде небары 9-сыныпта оқиды, спортпен 2-сыныптан бері айналысады. Негізгі шұғылданатын спорт түрі – қазақ күресі. Алайда, бойжеткен белбеу күресі мен оның қырғызша түрі алыш күресін жақсы меңгерген.
- Кішкентай кезімде қазақ күресімен айналысатын ағама еліктеп, соның медальдарына қызығып, мен де күресе бастадым. Содан соң мамам тігіп берген кимоно киіп ауыл ішіндегі жарыстарға қатыстым. Негізгі спортым қазақ күресі, - дейді жас қыз.
Спортшы жақында Үндістан астанасы – Делиде өткен алыштан Азия чемпионатына қатысты. Үш бірдей қарсыласын артта қалдырған Нұрсая Берікболқызы ақтық сында ирандық палуанмен жекпе-жекке шықты. Аса тартысты кездесуде ақсулық бойжеткен жеңімпаз атанып, Азия чемпионының алтын медалін мойнына тақты.
- Ең ауыры, әрине, финал болды, - дейді Нұрсая Берікболқызы. – Біз жақында ғана алыш стиліне кірдік. Оның біздің белбеу күресінен қатты айырмашылығы жоқ, тек ұпай есептеу жағында ғана аз ғана ерекшеліктері бар. Турнир жақсы өтті, нәтижеге ризамын.
Сондай-ақ, бозбала «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» ЖҚ «Чемпиондық Рух» жобасы аясында Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай және жастарға есірткіге қарсы салауатты өмір салтын насихаттау іс-шараларына белсенді қатысуда.
Палуан қазірде Қостанайда өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуға әзірленуде. Одан соң Нұрсая Берікболқызын әлем чемпионаты секілді халықаралық сындар күтіп тұр.