Павлодарлық өрт сөндіруші бразилиялық джиу-джитсудан «алтын» жеңіп алды
Ербол Қадырбек Қарағандыда өткен халықаралық турнирде бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Karaganda BJJ Open Championship – Winter 2026» жарысына Қазақстанның әр өңірі, жақын шетелдерден және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген екі мыңнан астам спортшы қатысты. Павлодар облысының атынан өнер көрсеткен 46 жастағы облыстық төтенше жағдайлар департаменті өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының қызметкері Ербол Қадырбек Master-3 санатында, 85 келіге дейінгі салмақта бақ сынады.
Турнир қорытындысы бойынша ол GI (кимоно) бөлімінде бірінші орынға ие болып, NO-GI (кимоносыз) бөлімінде үшінші орынға ие болды. Әуесқой спортшының айтуынша, бұл санатта әлсіз қарсылас болмайды, әркім жеңіске жету үшін тыңғылықты дайындалады. Бұған дейін ол 30 жасқа дейінгі спортшылармен де талай рет белдескен. Бұл жолы қарсыластары отандастары болды.
– Жарысқа дайындық шамамен бір айға созылды. Осы уақытта жарақаттардан айығып, салмақты төмендетуге жұмыс істедім. Аптасына кемінде үш рет жаттығу өткіздім. Сонымен қатар спортты қызметпен қатар алып жүру қажет болды, – деді Ербол Қадырбек.
Ол бразилиялық джиу-джитсумен алты жыл бойы айналысып келеді. Спортқа оны досы алып келген.
– Алған дағдылар жұмысқа да көмектеседі. Басшылық менің спортқа деген қызығушылығымды қолдайды, – дейді спортшы.
Ербол Қадырбектің айтуынша, оны спортта алға жетелейтін басты дүниелер – жарыс рухы, жақсы физикалық формада болу және жоғары еңбек қабілеттілігін сақтау ниеті.