Павлодарда автокөлік дискілері мен бөлшектерін шығаратын кәсіпорын салынуы мүмкін

Павлодарда автокөлік дискілері мен бөлшектерін шығаратын кәсіпорын салынуы мүмкін
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар өңірі шетелдік инвесторларды тартуды жалғастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов қытайлық Beijing Jinghanlin Мould Manufacturing Co. Ltd және Hua Аn International Investment Management LLP компанияларының өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өңірдегі «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының аумағында автокөлік өнеркәсібіне арналған автокөліктердің алюминий дискілері мен қосалқы бөлшектерін шығаратын кәсіпорын салу мүмкіндігін талқылады.

Жобаның құны 50 миллиард теңгені құрайды. Өндірістің қуаттылығы жылына екі миллион өнім және 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады.

Beijing Jinghanlin Mould Manufacturing Co. Ltd – нарықтағы негізгі ойыншы және өз өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азияға, Еуропаға, Латын Америкасына және АҚШ-қа жеткізетін Қытайдағы ең ірі компаниялардың бірі.

Облыс әкімі Асайын Байханов қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру – бұл жұмыстағы басты басымдық екенін атап өтті.  Ол кәсіпорынның болашағын жоғары бағалады.

«Beijing Jinghanlin Mould» компаниясының құрылтайшысы және басшысы Тау Хуачан дөңгелек дискілерін құю және сынау технологиясы, жүк көліктерінің дөңгелектеріне арналған қалыптарды өндіру және экспортқа бағдарланған өнімнің артықшылықтары туралы баяндады.

Тараптар жобаны жан-жақты талқылауды жалғастыруды және оны іске асыру жөніндегі алдағы уақыттағы қадамдар туралы уағдаласты.