Павлодар ауданының ғашықтары фотосуреттермен жарысты
Байқау ұлттық ғашықтар күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Олжа» Жастар бастамаларын дамыту орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, отбасылық құндылықтарды, жастар арасында ұлттық мерекені дәріптеу мақсатында 14-16 сәуір аралығында «Instagram» әлеуметтік желісінде ауданның үздік ғашық жұптары арасында «Біз бақыттымыз» фотобайқауы өтті.
– Байқауға ауданымыздың 19 жас жұбы қатысты. Олардың әрқайсысының өзіндік әдемі және ерекше махаббат хикаясы бар. Оларды оқи отырып, қанша қиындықтар болса да, тағдыр бізді өз адамымен біріктіретінін түсінесің, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Байқауға қатысу үшін ерлі-зайыптылар Жастар орталығына өздерінің сапалы фотосуреттерін жіберіп, танысу хикаясын сипаттап берді. Жеңімпаздар «лайк» пен пікір жинау және қазылар алқасының шешімі бойынша анықталды.
– Байқаудың екі күнінде біздің қатысушылар мен олардың қолдау тобы үлкен белсенділік танытып, жалпы 6100 «лайк» және 7098 пікір жинады, – деп бөлісті жастар орталығында.
Екі күндік дауыс беру нәтижесінде Әлішер мен Данияның жұбы жеңіске жетті. Өз хикаясында айтқандай, жастар әлеуметтік желіде танысып, Әлішер Данияны алғашқы кездесуге шақырды, содан бері олар бірге.
– Барлық ғашықтардың көптен күтетін мерекелерінің бірі – Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні. Әлішер екеуміз жыл сайын осы күнді ерекше атап өту үшін асыға күтеміз. Бізге ауылдық округтен онлайн конкурсқа қатысу ұсынылғанда, біз қуана келістік. Бұл біздің алғашқы отбасылық байқауымыз болды және біз оны жеңе алдық. Бұл оңай болған жоқ, өйткені байқауға 19 жұп қатысты. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Әбдірайымовтар отбасының атынан бізді қолдағандардың барлығына алғысымды білдіргім келеді, – деп бөлісті Дания Әбдірайымова.
Екінші орынды Серікбол мен Сымбат, үшінші орынды Еламан мен Ақерке жұбы иеленді.
Қазылар алқасы мүшелерінің шешімімен «Ең әдемі махаббат хикаясы» арнайы аталымы Қаратаевтар отбасына берілді.
Байқау жеңімпаздары грамоталармен және ұйымдастырушылардан естелік сыйлықтармен марапатталды.