Павлодар қаласының әкімі тағайындалды

Павлодар қаласының әкімі тағайындалды
Фото: Валерий Бугаев

Жаңа әкімді облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласының активімен кездесу кезінде таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының әкімі болып Хасар Хабылбеков тағайындалды. 

– Мен өзім де қала әкімі болдым. Бұл өте қызықты жұмыс, көптеген қызықты жағдайлар туындайды және туған қала үшін игі іс жасауға мүмкіндік береді. Жаңа қызметте сәттілік тілеймін, – деді Асайын Байханов.

Облыс әкімі бірінші кезекте кадр мәселелерімен айналысуды, қажетті шешімдер қабылдауды және тәртіп орнатуды тапсырды. 

 Хасар Хабылбеков 1986 жылы Павлодар облысында туған. 2007 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын  «Қаржы» мамандығы бойынша және 2014 жылы Торайғыров университетінің «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша тәмәмдады. Сондай-ақ,«Техника және технология»  магистрі  дәрежесі  бар.

Еңбек жолын 2008 жылы мемлекеттік емес құрылымдарда бастады.

2012 жылдан бастап 2016 жылға дейін Павлодар облысының атқарушы органдарының түрлі лауазымдарында: Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бас маманынан Павлодар облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бөлім басшысы қызметіне дейін атқарды.

2016 жылы «Казстрой Инжиниринг ПВ» ЖШС директоры болды.

2017-2021 жылдар аралығында облыс әкімі аппаратында бас инспекторы болды, Шарбақты және Тереңкөл аудандары, Екібастұз, Павлодар қалалары әкімдерінің орынбасары лауазымдарын атқарды.

2021 жылы Ақсу қаласы әкімі аппаратының басшысы.

2021 жылдың маусым айынан 2021 жылдың тамыз айына дейін Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы болып қызмет етті.

2021 жылдың тамыз айынан бастап тағайындалғанға дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Бүгінге дейін  Хасар Хабылбеков облыс әкімінің бірінші орынбасары  болды. 

Еске сала кетейік, облыс әкімі Асайын Байханов қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту бойынша жұмыстардың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауына, қала тұрғындары үшін облыс орталығын дамыту және абаттандыру жөніндегі маңызды жобалардың іске асырылуына қажетті бақылаудың болмауына, қала әкімдігінің Павлодар қаласының тұрғындарымен коммуникациясының әлсіреуіне байланысты бұрын әкім болған Ержан Иманзайыповты лауазымынан босату туралы қабылданған шешімді жариялады.