Павлодарлық «Voyage» мейрамханасы салықтан жалтарғаны анықталды

Павлодарлық «Voyage» мейрамханасы салықтан жалтарғаны анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жалпы 60 кәсіпкер тексерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары қызмет көрсету саласымен, яғни мейрамханалар және фитнес-клубтармен айналысатын кәсіпкерлерге сараптама жүргізуде.

Тексеру барысында салық төлеушінің салық есептілігін, сондай-ақ басқа көздерден алынған мәліметтерді зерделеу арқылы қызметкерлер кірістерді кем көрсету, салық салынатын табысты жасыру, салық жүктемесінің төмен коэффициентін анықтады.

– 2024 жылы бойынша екі павлодарлық «Ноев Ковчег» және «Voyage» мейрамханаларын салыстырсақ, «Ноев Ковчег» бюджетке 12,1 миллион теңге салық төлеген, ал «Voyage» осы кезеңде 4,2 миллион теңге ғана төледі. «Ноев Ковчегте» ресми түрде 45 адам жұмыс істейді, ал «Voyage» мейрамханасында бір қызметкер ғана ресми түрде жұмысқа орналасқан. Екі мейрамханада да орын саны 60-тан асады. Әдетте, қонақтарға фискалдық чек берілмейді, – деп салыстырды департаментте.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеуден қасақана жалтаратын, түрлі схемаларды қолданатын, жалақыны «конвертте» төлейтін, сатып алған тауарлары мен қызметтері үшін фискалдық чек бермейтін кәсіпкерлерді анықтау бойынша талдау жұмыстарын күшейтуде.