Павлодар облысында 900-ге жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Павлодар облысында 900-ге жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың қатарында ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішу, тіркеусіз немесе құжатсыз тұру фактілері бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сонымен қатар, жол-патрульдік қызметі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтады. Алдын алу шаралары барысында 115 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал көлік құралын мас күйінде басқарған 6 жүргізуші ұсталды.

Полиция қызметкерлері тәртіп бұзған жүргізушілерді ұстау барысында бірнеше деректі тіркеді.

– Екібастұз қаласында М.Жүсіп – Б.жырау көшелерінің қиылысында «Hyundai Accent» маркалы автокөлігі тоқтатылды. Тексеру кезінде жүргізушінің бұған дейін жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды, алайда ол көлік тізгініне қайта отырған. Павлодарда Минин көшесінде патрульдік қызмет кезінде «Mazda» автокөлігі тоқтатылып, жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екені белгілі болды. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, шешімді сот қабылдайды. Автокөліктер айып тұрағына қойылды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, профилактикалық іс-шара барысында іздеуде жүрген 6 адам ұсталды. Павлодар қалалық полиция басқармасының қабылдағыш-таратқышына 19 адам жеткізілді.