Павлодарлықтарды сақ болуға шақырды: бірқатар шай өнімдері сатылымнан алынды

Павлодарлықтарды сақ болуға шақырды: бірқатар шай өнімдері сатылымнан алынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері тиісті қаулы шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шай өнімдерінің кейбір түрлерінен тағам өндірісінде қолдануға рұқсат етілмеген бояғыш заттар анықталған. Атап айтқанда, сары түсті «Солнечный закат» (E110), тартразин (E102) және понсо 4R (E124) тағамдық бояғыштары табылған.

Сонымен қатар, шайдың жекелеген партияларының қаптамасында өндірілген және қапталған мекенжайлар жарамсыз болып шыққан. Бұл аталған кәсіпорындардың қызметті жүзеге асыруға арналған рұқсат құжаттарының жоқтығын көрсетеді.

– Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты бірнеше қара шай түрлерін Қазақстан аумағына әкелуге және сатуға тыйым салынды, – деп хабарлады санитарлық қадағалау ведомствосының баспасөз қызметі.

Тыйым салынған шай өнімдерінің тізімі:

• «Апамның шәйі Premium Gold», «Al-Hayat Gold», «БАЛҚИЯ Premium Gold» – өндіруші: «Orda Trade Astana» ЖШС (Алматы облысы);

• «Sultan Suleyman», «Pakistan Tea» – өндіруші: «Real Trade Astana» ЖШС (Астана қаласы);

• «БАЛҚИЯ Premium Gold» – өндіруші: «Аль-Хадия» ЖК (Алматы қаласы);

• «Aje Onim» – өндіруші: «Орда Чай» ЖК (Алматы қаласы), тапсырыс беруші – «Кальций» ЖШС;

• «Al-Hayat Gold» – өндіруші: «Empire KENIY E.P.Z. Limited» (Алматы облысы);

• «Al-Jannat Premium» – өндіруші: «Ferdaus» ЖК (Алматы қаласы);

• «Alfarah» – қаптамада өндіруші көрсетілмеген.

Тексеру барысында мемлекеттік органдар азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды, тағамдық қоспалар, хош иістендіргіштер мен технологиялық көмекші заттардың қауіпсіздік нормаларын, сондай-ақ өнімді таңбалау талаптарын басшылыққа алған.

Санитарлық қадағалау органдары кәсіпкерлер мен тұтынушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін өнімдерден бас тартуға шақырады.