Асайын Байханов өрттердің шығу себептерін атады
Облыс әкімдігінде өткен арнайы кеңес қаза тапқан орманшыларға тағзым етуге арналған бір минуттық үнсіздікпен басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұған дейін оның тапсырмасы бойынша Шарбақты, Железин, Павлодар және Тереңкөл аудандарындағы барлық орман қорғау мекемелері, сондай-ақ, Баянауыл ұлттық паркі мен «Ертіс орманы» резерваты тексерілген болатын.
Олардың жалпы ауданы 127,5 мың гектарды құрайды, оның 89,8 мың гектары орман. Орман шаруашылықтарында 225 адам жұмыс істейді, оның ішінде 144 инспектор. Өртке қарсы техникамен жарақтандыру 62%, өртке қарсы объектілермен жабдықталу 31% құрайды.
Ағымдағы жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен үш өрт сөндіру автоцистернасын, 11 ағаш отырғызу көлігін және алты соқаны сатып алу үшін 355,2 млн теңге қарастырылды. Бүгінгі күні бір өрт сөндіру көлігі мен барлық жабдықтары жеткізілді және бір ай көлемінде тағы екі автоцистерна жеткізіледі деп күтілуде.
– Табиғи өрттердің себептерін талдау нәтижелері көрсеткендей, өрттердің 50%-дан астамы адамдардың жауапсыздықтары салдарынан туындайды. Сондықтан, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары туралы халықпен кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, – деп атап өтті өңір басшысы. – Сонымен қатар, өрт туындаған кезде барлық жауапты органдардың іс-қимыл алгоритмін қайта қарау керек.
Әкім мемлекет басшысының ормандағы отты ерте анықтау жүйесін енгізу және жедел сөндіру үшін сумен жабдықтау көздерін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын шұғыл орындауға ерекше назар аударды. Бұл бағытта бірқатар шаралар жасалды. Атап айтқанда, Ақмола облысының тәжірибесі бойынша өртті уақтылы анықтауға және оларды ерте сатысында жоюға мүмкіндік беретін дербес бейнебақылау тіректерін орнату мәселелері шешілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында өрт қауіптілігі жоғары және төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік орман қорын күзету ауысыммен тәулік бойы қамтамасыз етілетін болады, өңірдің барлық ауылдық округтерінде минералданған жолақтарды жаңарту жұмыстары, өрт сөндіру бекеттеріне тексеру жүргізіледі.
Облыстың ірі кәсіпорындарымен электр желілері, құбырлар мен республикалық маңызы бар жолдар өтетін жерлерде өрттерді сөндіру және басқа да күтпеген жағдайлар кезінде көмек көрсету мәселесі пысықталды.
Фото: Валерий Бугаев