Жарты ғасыр жөнделмеген: Павлодарда уақытша жабылған көше ашылды
Торайғыров көшесінен Лермонтов көшесіне дейінгі магистральдік ауызсу құбырын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков аталған учаскені аралап, тексеріп шықты.
– Мұнда желілік жөндеу жұмыстары 50 жылдан астам жүргізілмеген. Қазіргі уақытта барлық абоненттер жаңа құбырға қайта қосылды. Соның арқасында 55 мың жеке тұлға мен 48 мекемені сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарды. Уақытша құбырды алып тастау жұмыстары жүргізілуде, содан кейін абаттандыру қалпына келтіріледі, – деп жазды Хасар Хабылбеков өзінің жеке парақшасында.
Оның сөзінше, 7 желтоқсаннан бастап Торайғыров көшесі мен Лермонтов көшесі аралығындағы көшеден кіретін учаскеде көлік қозғалысы қалпына келтіріледі. Қоғамдық көліктер қалыпты жүру бағыты бойынша қатынайды. Бұған дейін жол учаскесі жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты жабылған болатын.