Павлодарлықтар қаланың абаттандыру жөніндегі жеке ұсыныстарын әкімге жолдай алады

Қала әкімдігі 2026 жылға арналған жұмыстар жоспарын қалыптастыруды бастады. Тұрғындар бұл жұмыстарға белсенді қатысуға шақырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс орталығын абаттандыруға қатысты сұрақтар мен ұсыныстарды Хасар Хабылбековтың Instagram әлеужелісіндегі парақшасының хабарламаларына немесе @akimat.pavlodar парақшасына жолдауға болады.
Өз ұсыныстарыңызды мына бағыттар бойынша жіберуге болады:
* балалар ойын алаңдарын орнату,
* спорт инфрақұрылымын дамыту,
* аула ішіндегі аумақтарды асфальттау,
* жаяу жүргіншілер жолдары мен оның аумақтарын абаттандыру.
– Өтініш жолдаған кезде нақты мекенжайды және кері байланыс үшін байланыс деректерін көрсетуіңізді сұраймыз. Абаттандыру жоспары тұрғындардың шынайы қажеттіліктері мен сұраныстарын қамтуы біз үшін маңызды! – деді қала әкімдігінде.
Арнайы комиссия құрылып, орындарда тексеру жүргізеді. Қорытынды оң болған жағдайда, аула немесе нысан 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына енгізіледі.