Павлодарлықтар қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алды
Полиция күні қарсаңында ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің есімдері жаңғырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының полиция күніне орай Павлодар қаласында заң мен қоғамдық тәртіпті қорғау жолында қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлерінің рухына тағзым етілді.
Қаза тапқан қызметкерлерге арналған мемориалға гүл шоқтарын қою рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысты. Іс-шара қызметтен оралмаған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Метроном үнімен жиналғандар қаза болған әріптестерінің рухына тағзым етіп, кейін құрмет қарауылының қаруынан оқ атылды.

Еске алу рәсіміне полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің өкілдері, полицияның арнайы және аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, желілік полиция бөлімінің, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының және оқу орталығының өкілдері қатысты.
Ішкі істер органдары қызметкерлері үшін полиция күні - тек кәсіби мереке ғана емес, сонымен қатар ант пен қызметтік борышына соңғы деміне дейін адал болып өткен әріптестерді еске алу күні.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған жылдардан бері қызметтік міндетін орындау барысында 800-ден астам полиция қызметкері қаза тапқан. Олардың қатарында Павлодар өңірінің сегіз азаматы бар және олардың есімдері құқық қорғау органдарының тарихында мәңгі сақталады.

Милиция капитаны, Қашыр аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Ахметқалы Тезекбаев 1997 жылдың жазында Павлодар-Омбы тас жолында қылмыскерлерді ұстау кезінде қаза тапты. Жол үстінде қаскөйлердің бірі офицерге жақын қашықтықтан оқ атқан. Қайғылы жағдайға қарамастан, қылмыскерлер қолға түсірілді. Бүгінде Тереңкөл ауданындағы кадет сыныбына оның есімі берілген.
Жол-патрульдік полиция инспекторы Ербол Сембаев 1994 жылдың ақпан айында Екібастұз қаласындағы стационарлық бекетте қызмет атқару кезінде қаза болды. Жүк көлігін тексеру барысында жүргізуші оның арқасына пышақ сұғып, ауыр жарақат салған. Қызметкердің жарқын бейнесін есте сақтау мақсатында Екібастұзда жыл сайын шағын футболдан турнир өткізіледі.
Жас офицерлер Мейрам Дәулетов пен Қанат Сармантаев 1996 жылдың маусым айында аса қауіпті қарулы қылмыскерді ұстау кезінде ерлікпен қаза тапты. Қылмыскер оларға жақын жерден оқ атқан. Олар соңғы сәтіне дейін қызметтік борыштарын адал атқарды.
Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі Асылбек Бижанов жедел тапсырманы орындау барысында қаза болды. Фарид Какабаев, Ерлан Нұржанов және Харки Арли де азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында өмірлерін құрбан етті. Милиция капитаны Фарид Какабаевтың құрметіне Песчаное ауылында оның есімі берілген кадет сыныбы ашылған.

Бір минут үнсіздіктен кейін облыс әкімі Асайын Байханов пен Полиция департаментінің басшысы Василий Скляр мемориалға гүл шоқтарын қойды. Оларға ішкі істер органдарының ардагерлері, бөлімше басшылары мен қызметтегі полиция қызметкерлері қосылды. Ескерткіш алдына қойылған гүл шоқтары өз өмірін өзгелер үшін құрбан еткен жандарға деген терең құрмет пен шексіз алғыстың белгісі болды.