Павлодарда экологиялық тәртіпті бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салынды

Павлодарда экологиялық тәртіпті бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салынды
Фото: Константин Шелков

Айыппұл көлемі 40 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков мәлім етті. 

–  Ағымдағы жылы департаменттің инспекциялық қызметі 32 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеріс барысында 36 тәртіп бұзушылық анықталып, 41 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салу туралы 54 қаулы шығарылды, –  дейді Қанат Мұсапарбеков. 

Спикердің айтуынша, Павлодар облысы жоғары техногендік ластануға бейім. Жалпы шығарындылардың шамамен 95 пайызы бірінші санаттағы 64 кәсіпорыннан келеді. Нақтырақ айтқанда, отын-энергетика кешенінің кәсіпорындарынан  –  65,4 пайыз, металлургиядан  –  26 пайыз, мұнай-химия  – 3,2 пайыз, тау-кен өндіру кешенінен  –  1,2 пайыз және басқа салалардан  –  4,2 пайыз.

2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қоршаған ортаға нақты шығарындылардың көлемі 510,6 мың тоннаны құрады. Ал жылдық лимит 909,3 мың тоннаны құрайды, бұл  –  өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 мың тоннаға аз.

Облыс аумағындағы шығарындылардың ең көбі Екібастұз қаласына тиесілі. Дәлірек айтқанда,  облыс аумағындағы шығарындылардың Екібастұз қаласында  –  42 пайызы (410 мың тонна), Ақсу қаласында  –  28 пайызы (279 мың тонна) және Павлодар қаласында 25 пайызы (243 мың тонна) тиесілі. 

Облыстың қалған аудандары шығарындылардың 5 пайызын құрайды.