Павлодарлықтар үшін спортзал абонементтері көрші өңірлерге қарағанда қымбат

Еліміздің спорт саласында биылғы жылдың алты айында қазақстандықтарға 150 миллиард теңгеден астам сомаға спорттық қызметтер көрсетілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл – 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға көп.
Мұндай деректерді Finprom.kz сарапшылары ұсынды.
Ең көп қаражат фитнес-клубтарға тиесілі болған. Оларды ең жиі Астана, Алматы және Қарағанды облысының тұрғындары пайдаланады.
Елімізде спортпен айналысатын адамдар саны да артты – қазір олардың жалпы саны сегіз миллионнан асты.
Олардың ішінде ең белсенділері – 6-13 жас аралығындағы балалар және 19-35 жас аралығындағы жастар.
Спортпен шұғылданушылардың 18 пайызы мұны өз бетінше, бос уақытында жасайды.
Ең спортқа жақын өңір – Шығыс Қазақстан облысы, оның тұрғындары аптасына орта есеппен төрт күн спортпен айналысады.
Ең аз көрсеткіш Атырау облысында – аптасына 0,4 күн ғана.
Ал павлодарлықтар спортқа аптасына 1,5 күнін бөледі.
Жалпы, қазақстандықтардың басым бөлігі бір жаттығуға бес минуттан 100 минутқа дейін уақыт жұмсайды.
Бағаға келсек, соңғы бір жылда тренажер залдарына абонементтер 9,5 пайызға қымбаттаған.
Ал Павлодар облысында бұл көрсеткіш 23 пайызға жетті, яғни көрші өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Мысалы, Ақмола облысында баға небәрі 1,3 пайызға өскен.
Ал бассейндерге абонемент құны еліміздің 20 өңірінің алтауында өзгеріссіз қалған.
Павлодар өңірінде бағаның өсуі ел бойынша ең төмені – небәрі төрт пайыз болған.