Павлодарлықтарды заңсыз лотереяларға сенбеуге шақырады

«Лудомания» – құмар ойындарға патологиялық тәуелділік, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл бұзылысты аурулардың халықаралық классификаторларына енгізіп, оған (F63) жеке кодын берді.
Бұл ретте, ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» елеулі өзгерістерге ұшырады.
– Бұл түзетулер заңсыз құмар ойындарға қарсы күресті күшейтуге бағытталған, өйткені олар экономика мен қоғамға айтарлықтай зиян келтіреді. Жауапкершілік күшейтілді, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін айыппұлдар екі еседен астам ұлғайтылды. Оған қоса, заңсыз ұйымдасқан топтарға қатысқаны үшін ең жоғары жаза мерзімі төрт жылдан жеті жылға дейін ұлғайтылды, – деді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ринат Арғынбеков.
Сонымен қатар, заңсыз қызметтен алынған барлық табыстар міндетті түрде тәркіленеді. Онлайн ойындарды ұйымдастыру жауапкершілігін кеңейту, бапқа интернет арқылы құмар ойындарды ұйымдастыруды реттейтін тармақ қосылды. Бұл заңсыз платформаларды құруды да, оларды техникалық қолдауды да қамтиды. Сондай-ақ, қаржы ағындарын бақылау күшейтілді. Енді банктер мен қаржы ұйымдары құмар ойын бизнесіне қатысты күдікті транзакциялар туралы ақпарат беруге міндетті. Құмар ойындарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін интернет-ресурстарды жедел бұғаттау тетіктері енгізілді, сондай-ақ, заңсыз құмар ойындарға қатысты кез келген жарнама, соның ішінде әлеуметтік желілердегі жарнамаға тыйым салынды.
– Бұрын заңсыз бизнесті ұйымдастырушылар заңнамадағы олқылықтарды, мысалы, онлайн ойындардың нақты реттелмеуін пайдаланып, жауапкершіліктен құтылып кететін. Жаңа түзетулер бұл олқылықтарды жойып, құмар ойын қызметінің барлық аспектілерін бақылауды күшейтті, – деді Ринат Арғынбеков.
Бұл ретте, жауапты мемлекеттік лауазымдағы адамдарға және оларға теңестірілген тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға шектеу қойылды.
Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары да құмар ойындарға қатыса алмайды. Аталған шектеуді бұзғаны үшін тәртіптік жаза ретінде «қызметтен босату» қарастырылған.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті өңір тұрғындарын сақ болуға, күмәнді құмар ойындарға қатыспауға және заңсыз лотереяларға сенбеуге шақырады. Егер осындай құқық бұзушылықтар туралы ақпарат болса, құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн.