Павлодарлықтың экоәдеттері: қаланы өзгертетін әрекеттер

Қоршаған ортаны қорғау үшін ауқымды жобаларға қатысу міндетті емес. Кейде ең үлкен өзгерістер қарапайым, күнделікті әдеттерден басталады. @Pavlodarnews.kz тілшісі қоршаған ортаға жанашыр болудың нақты әрі қолжетімді жолдарын зерттеді.
Алты қадам
Эколог, экологиялық білім беру жөніндегі сарапшы Марина Поух өңір тұрғындарына күнделікті кішігірім, бірақ маңызды әрекеттерді жасауды ұсынады. Оларды екі топқа бөлуге болады: үйге арналған экологиялық бастамалар және ресурстарды үнемдеу.
1. Полиэтилен пакеттерді қолдануды тоқтатыңыз, оның орнына өзіңізге матадан шоппер тігіңіз. Бұл – қарапайым әрі стильді шешім, сонымен қатар қалтаңызға да тиімді. Дүкенге барған сайын 10-20 теңге үнемдейсіз, ал ұзақ мерзімде бұл елеулі жинаққа айналады. Ең бастысы – мұндай сөмке арқылы сіз табиғатқа түсетін қалдықтар көлемін азайтып, қоршаған ортаның ластануын төмендетесіз.
2. Ауланы көгалдандырыңыз. Ол үшін үй маңындағы бір ағаш немесе гүлзарды қамқорлыққа алып, суарып отырыңыз. Бұл әрекет сізді ғана емес, көршілеріңізді де шабыттандырады.
3. Тұрмыста ресурстарды ұқыпты пайдалану – әр отбасыға оңай қалыптасатын пайдалы әдет. Бөлмеден шыққанда жарықты сөндіру, қол немесе тіс жуу кезінде суды бекер ағызбай, тек қажет кезде қосу – мұның бәрі қарапайым, бірақ маңызды әрекеттер. Электр қуатын да дәл осылай үнемдеуге болады. Осындай тұрмыстық ұқыптылық арқылы сіз табиғатты қорғауға нақты үлес қосасыз.
4. Қалдықтарды сұрыптау – экосаналы өмір салтының маңызды бөлігі. Пластикті бөлек жинап, тағам қалдықтарын жер үйде тұратын туыстарыңыздың үй жануарларына беруге болады. Өкінішке қарай, бұл пайдалы әдетті көпшілік әлі де назардан тыс қалдырады. Ал сұрыптау арқылы қайта өңдеуге жарамды материалдарды бөліп алып, қоқыс үйінділерінің көлемін едәуір азайтады.
5. Қолданбай қалған киім мен заттарды қоқысқа тастамай, оларды жаңа өмірге бағыттаңыз – мешітке, шіркеуге немесе арнайы эко-бокстарға апарыңыз. Бұл әрекетіңіз мұқтаж адамдарға көмек болады әрі тұрмыстық қалдықтардың көлемін азайтуға септігін тигізеді.6. Қалдықтардан пайдалы зат жасау – апсайклинг. Бұл заттарға екінші өмір сыйлау деген сөз. Мысалы, ескі қолшатырдан сөмке, пердеден жеміс-жидекке арналған дорба, ал кішкентай шыныаяқтардан шам тұғыры немесе естелік сувенир жасауға болады. Айта кету керек, қағаз ыдыс-аяқтар қайта өңделмейді – олар полипропиленмен қапталған. Қағаз табиғатта тез ыдырайды, ал пластик ондаған жыл бойы шірімей сақталады.
Қаланы өзгерту үшін батыр болу міндетті емес
«Ертіс Медиа» ЖШС шаруашылық меңгерушісі Галина Садырбаева қарапайым қалдықтарды сұрыптауды әдетке айналдырған. Үш жылдан бері қағаз, пластик және металл бөлшектерін қабылдау пункттеріне тапсырады.
– Қағаз, металл қалдықтар мен тіпті құлыптарды жөндегеннен кейін қалған бөлшектерді қоқысқа тастамаймын – бәрін жинап, тапсырамын. Жиналған қаражатқа гүл құмыралары, топырақ пен тыңайтқыш сатып аламын. Пицца қораптарын, қағаздарды сұрыптап, қайта өңдеуге жіберемін. Бұл үлкен табыс әкелмейді, бірақ бастысы – тазалық. Тіпті жөндеу кезінде шыққан темір-терсекті де жинаймын. Мысалы, металл қалдықтарының бір келісі – 60 теңге, – дейді Галина Садырбаева.
Әріптестері оның тәсілін біледі: пластик, макулатура, бөтелке қақпақтарын әкеледі. Ол оларды тікелей тапсырмаса да, жастар бастамаларын дамыту орталығының жинау пунктіне апарады.
Ескі заттармен экологиялық жолмен «қоштасу».
Павлодарда бірнеше жинау пункті жұмыс істейді. Олардың бірі Благовещенск шіркеуінің аумағында орналасқан. Шіркеу қызметкері Алексей Степановтың айтуынша, «Мейірімділік» қайырымдылық пункті киім, аяқ киім және қажетті заттарды қабылдап, көмекке зәру жандарға таратады.
– Тұрғындар қажет емес заттарын дүңгіршектерге әкеледі. Біз оларды сұрыптап, мұқтаж жандарға таратамыз. Олар облыс аудандарына жіберіледі, онда шіркеулер жанындағы қызметкерлер аз қамтылғандарға көмектеседі. Айына екі рет заттар тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға арналған қалалық бейімдеу орталығына жіберіледі, – дейді әулие әкей Алексей.
Уақыты тығыз, жұмысбасты павлодарлықтар да экотрендке үлес қоса алады – бұл да маңызды қадам. Қазір облыс орталығында пластикке арналған 440 қоқыс жәшігі, сынапты шамдарға – 127 арнайы жәшік, ал сұрыпталған қалдықтарға арналған 800 контейнер орнатылған.
Табиғатқа жанашыр жандар «автосинхрондау» атты қызықты құбылысты жиі атап өтеді. Ол алғаш рет Ежелгі Мысырда байқалған. Мәні қарапайым: егер топтағы адамдардың кем дегенде 5 пайызы бір бағытта әрекет ете бастаса, қалғандары да біртіндеп солардың үлгісіне еріп кетеді.