Павлодарлық зейнеткер Брайль жүйесімен Құранды түпнұсқасында оқуды үйренген

Павлодарлық зейнеткер Брайль жүйесімен Құранды түпнұсқасында оқуды үйренген
Фото: автор

Қарлығаш Сайфеттинова –  облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың тұрақты оқырманы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі. 

Оқу залы оқу машинасымен, үлкейтілген электрондық ұлғайтқышпен және құжаттармен өз бетінше жұмыс істеуге арналған электронды қол жеткізу бағдарламасы бар компьютермен жабдықталған. Көзі көрмейтін пайдаланушының интернетке және тифложабдықтарға еркін қол жеткізуге, мәтінді үлкен немесе Брайль шрифтімен басып шығаруға мүмкіндігі бар. 

– Бұл кітапхана – менің екінші үйім. Мұнда оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Кітапхана басшылығының ұсынысымен 2012 жылы Алматы қаласының «ЗӘМ-ЗӘМ» мүгедектерді сауықтыру мәдени орталығында Брайль жүйесі бойынша бір айдың ішінде Құранды түпнұсқасында оқуды үйрендік, – деп еске алады кітапхананың тұрақты зейнеткер оқырманы Қарлығаш Сайфеттинова. 

Сонымен қатар, зейнеткер жолдасымен бірге кітапханада «Шаги счастья» жобасы бойынша би билеуді, компьютермен жұмыс жасауды үйренген. Қазіргі таңда кітапхананың бұқаралық ақпарат бөлімі «Нүктелі ДоМиСоль», «Шаги счастья», «ӨнерStars» сияқты жарқын жобаларды жүзеге асыруда. 

– Бүгінде кітапханамызға 2000-нан аса оқырман келеді. Олардың көбі – зейнеткерлер. Оқырмандар жобаларға белсенді түрде қатысады. Сұранысқа ие жобаларымыздың бірі – «Жан алауы» атты дыбыс жазу студиясы. Онда екі тілде баспа әдебиетін аудио форматқа көшірумен айналысады, – дейді облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың басшысы Жамал Кенжебекова. 

Айта кетерлігі, әр айдың соңғы сенбісінде сағат 15:30-да  радио тыңдаушылары 100,5 FM толқыны «Шамшырақ» атты радиобағдарламасында кітапхана жұмысымен, зағип жандардың өмірі мен шығармашылық қызметімен таныса алады. Аталған жобаны 2009 жылдан бері арнайы кітапхана жүзеге асыруда.