Павлодарлықтарға шетелдік дүкендерден тапсырыс берудегі өзгерістер түсіндірілді
Олар айтарлықтай әсер етпейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Елімізде шетелдік интернет-дүкендерден жасалатын тапсырыстарды кедендік рәсімдеу тәртібі өзгереді. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті хабарлағандай, қазақстандықтардың басым бөлігі үшін бұл өзгерістер айтарлықтай әсер етпейді.
Жаңа кедендік реттеу Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден – мысалы, Қытай, АҚШ немесе Еуропа елдерінен жасалатын онлайн-сатып алуларға қатысты. Ал ЕАЭО елдерінің интернет-платформаларынан жасалатын тапсырыстарға (мысалы, Wildberries және Ozon) жаңа ереже әсер етпейді.
Бұдан былай шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынған тауарлар жеке пайдалану үшін алынған пошта сәлемдемелері санатынан «электрондық сауда тауарлары» санатына ауыстырылады. Бұл ретте қазақстандықтар үшін процесс айтарлықтай өзгермейді: барлық кедендік рәсімдерді арнайы операторлар – «Қазпошта», DHL, FedEx және басқа да компаниялар атқарады. Олар жеке тұлғалардың атынан қажетті декларацияларды толтырып, кедендік ресімдеуді жүргізеді.
Қазіргі таңда жаңа тәртіпті сынақтан өткізу мақсатында электрондық сауданы кедендік реттеудің пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаға «Қазпошта» мен «DHL Қазақстан» қатысуда.
Айта кетейік, жаңа ережеге сәйкес, электрондық сауда тауарлары үшін бұрынғыдай кедендік бажсыз әкелу шегі сақталады. Егер тапсырыстың құны 200 еуродан аспаса, кедендік төлем мен салық алынбайды. Ал 200 еуродан жоғары тауарларға бес пайыз мөлшерінде кедендік баж және 12 пайыз көлемінде қосылған құн салығы төленеді.
«Қазпоштаның» дерегінше, павлодарлықтар шетелдік интернет-дүкендерден тапсырыс беретін тауарлардың 90 пайыздан астамының құны 200 еуродан төмен. Сондықтан жаңа тәртіп көпшілікке әсер етпейді және қосымша шығын талап етпейді.