Павлодар облысында минералды су мен сусындардың бағасы өсті
Аймақ өсім бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
EnergyProm талдау орталығының деректері бойынша, Қазақстанда биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 3,1 миллиард литр минералды су мен алкогольсіз сусын өндірілді. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 23,9 пайызға көп.
Өңірлер арасында ең көп өнім Алматы облысында шығарылған – 1,3 миллиард литр, бұл өткен жылмен салыстырғанда бес пайызға артық. Одан кейінгі орындарда Шымкент, Астана, Алматы және Түркістан облысы орналасқан. Ал Павлодар облысында 20 миллионға жуық литр сусын дайындалды.
Қыркүйектегі дерек бойынша минералды су, салқын сусындар мен шырындар бір жылда 14,6 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде минералды су бағасы – 17 пайызға жуық, ауызсу – 17,3 пайызға, газдалмаған сусындар – он пайыздан астам, газдалған сусындар – 16,6 пайызға, жеміс шырындары мен көкөніс шырындары он үш пайызға өскен.
Баға бойынша облысымыз елімізде ең жоғары өсім көрсеткен өңірлердің бірі болды. Бұл көрсеткіш орташа деңгейден әлдеқайда жоғары – 30 пайызға жеткен. Сондай-ақ баға өсімі Солтүстік Қазақстан облысында – 20 пайызға, Ақмола облысында – 18 пайызға, Ұлытау облысында 18 пайызды құрады.