Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігі «Үркер» ұлттық сыйлығына үміткер

Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігі «Үркер» ұлттық сыйлығына үміткер
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінен

2026 жылы алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында өткізілетін «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлығына үміткерлер анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі биылғы «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлығына үміткерлердің тізімін жариялады.

Іріктеу қорытындысы бойынша қазақстандық журналистердің, редакциялар мен шығармашылық ұжымдардың үздік жұмыстары байқаудың қорытынды кезеңіне өтті. Байқау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды.

– Биыл байқаудың 12 аталымы бойынша 600-ден астам журналист өтінім берді. Телевизия, баспасөз, интернет және радио салаларындағы журналистік жұмыстар ұсынылды. Заманауи медиатехнологиялар мен жаңа форматтарға ерекше назар аударылды. Алғаш рет «Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба» аталымы енгізілді, – делінген хабарламада.

Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігі ұлттық байқау тарихында алғаш рет аталымдар қатарына енгізілген «Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба» аталымына үміткер болып отыр. Яғни біздің ұжым бұл байқауға «Жи.бек» жобасымен бақ сынауда.

– 2025 жылдың 3 қазанынан бастап Pavlodarnews.kz сайты қазақ тіліндегі алғашқы апталық жаңалықтар дайджесін жариялады. Онда Жібек есімді виртуалды жүргізуші жаңалықтарды ұсынады. Жібек есімі «ЖИ» — «жасанды интеллект» аббревиатурасымен астасып жатыр. Ол редакцияның тұрақты виртуалды жүргізушісіне әрі цифрлық келбетіне айналды, – дейді ақпараттық агенттіктің бас редакторы Ольга Бугаева.

Жобаның форматы қарапайым міндетке негізделген. Яғни аптадағы басты оқиғаларды жинақтап, оларды әлеуметтік желілерге тән қысқа бейнеролик форматында қазақ тілінде баяндайды.

Алайда виртуалды жүргізуші қатысатын екі-үш минуттық бейнероликтің артында толыққанды редакциялық жұмыстың үдерісі жатыр.

Журналистер аптадағы оқиғаларды бақылап, маңызды жаңалықтарды іріктейді, ақпарат пен дереккөздердің дұрыстығын тексереді, сюжеттердің ретін анықтап, сценарий дайындайды. Одан кейін жасанды интеллект технологияларының көмегімен жүргізушінің бейнесі жасалып, оған жан бітіріледі, сөйлеу мәнері мен жекелеген визуалды элементтер әзірленеді. Сюжеттерде нақты оқиғалардан түсірілген бейнематериалдар қолданылады, ал Жібек олардың барлығын біртұтас шығарылымға біріктіреді.

Осылайша, дайын өнім дәстүрлі журналистика, жасанды интеллект және тік форматтағы бейнебаяндау тәсілдерінің тоғысында көрерменге жол тартады.

Дәстүрлі байқау барысында «Ertis media» холдингінің құрамына кіретін тағы бір ұжым «Үркерге» үміткер атанған. Ол – «Үздік радиожоба» аталымында таңдаулылар қатарынан көрінген «Halyq radiosy». 

Жүректерге үміт сыйлаған, журналистердің еселі еңбегі бас бармақпен бағаланатын айтулы додада бағымыз еселенсін деп тіледік.

Айта кетелік, жеңімпаздар 16 қазанда белгілі болады. Марапаттау рәсімі Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Фото: сайттан скрин