Павлодарда МХҚКО-да биометриялық сәйкестендіру енгізілді

Жаңа жүйе бойынша азаматтың беті камерамен түсіріліп, базадағы суретпен автоматты салыстырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстандағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында (МХҚКО) мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтарды сәйкестендіру процесі автоматтандырылды. Енді автокөлік иелері мен емтихан тапсырушыларды биометриялық технология арқылы тану жүйесі іске қосылды.
Бұған дейін қызмет алушыларды сәйкестендіру орталық қызметкерлері ұсынған құжаттар негізінде жүргізетін. Жаңа жүйе бойынша азаматтың беті арнайы камера арқылы түсіріліп, оның бейнесі мемлекеттік деректер базасындағы суретпен автоматты түрде салыстырылады. Бұл жалған фотосуреттер мен телефон экранындағы бейнелерді қолдануға жол бермейді.
– Біз мемлекеттік қызмет алу барысындағы адами факторды азайтып, ашықтықты арттырдық. Биометриялық сәйкестендіру – заңсыз әрекеттердің алдын алуға және МХҚКО-ларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған маңызды қадам. Бұл — мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін толығымен заңды әрі мөлдір етудің бір жолы, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Жүйе азаматты сәйкестендіре алмаған жағдайда, қызмет көрсету мүмкіндігі автоматты түрде бұғатталады.
Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік қызметтерді тек ХҚКО-ларда ғана емес, сондай-ақ электрондық үкімет порталы (eGov.kz), «ХҚКО» мобильді қосымшасы мен екінші деңгейлі банктердің онлайн платформалары арқылы да алуға болады.