Пайдалы және сапалы өнімдерді таңдай білесіз бе
Әсіресе, кондитерлік өнімдерді таңдаған кезде табиғи түсі бар өнімдерді алу маңызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары қазіргі таңда кондитерлік өнімдердің халық арасында мол сұранысқа ие екенін айтады.
- Көбіне эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары кремі бар кондитерлік өнімдердің өндірілген уақыты мен сақтау кезіне ерекше назар аудару қажет. Крем (қаймақ, май, ақуыз) микробтардың (әсіресе стафилококк), ашытқылардың, зеңдердің көбеюі үшін қолайлы орта болып табылады. Кондитерлік өнімдердің микрофлорасы адам денсаулығына қауіп, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта өндірушілер кондитерлік өнімдердің жарамдылық мерзімін ұзартуға тырысады. Осы мақсатта өнім өндірудің жаңа технологиялары қолданылады. Яғни, шикізат дайын құрғақ қоспалар, өсімдік майы, қоюландырылған сүт, консерванттар түрінде қолданылады.
Мамандар сапалы кондитерлік өнімді таңдау үшін ең алдымен сақтау шарттарына (температура режимі, тоңазытқыш жабдықтың болуы) және өнімнің жарамдылық мерзіміне назар аударуды ескертеді.
- Сыртқы түріне ерекше назар аударыңыз. Кондитерлік өнімдерді таңдағанда, табиғи түсі бар өнімдерді алуға тырысыңыз. Тым ашық бояу көптеген бояғыштардың қосылғанын көрсетеді. Өнімнің құрамы да маңызды. Егер сақтау мерзімі ұзақ болса, онда өнімнің құрамында консерванттар болуы мүмкін, - делінген департамент берген ақпаратта.
Сонымен қатар, өнімді алар кезде мына ережелерді де есте сақтау ескертіледі.
- Тұтынушы қаптамасына оралған бұйым тұтынушы үшін ақпаратты орналастыру міндетті болатын затбелгімен жабдықталуы тиіс.
- Ақпаратта тамақ өнімдерінің атауы, құрамы, салмағы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, дайындаушының атауы мен орналасқан жері немесе дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты және орналасқан жері, тағамдық құндылық көрсеткіштері, гендік-модификацияланған организмдерді қолдана отырып алынған компоненттер болуы шарт.
Түрлі жиын-тойларда дастархан сәнін келтіретін кондитерлік өнімдерді таңдар кезде абай болыңыз. Мүмкіндік болып жатса, мұндай тәтті тағамды қолдан әзірлегеннен абзалы жоқ. Бастысы ауру астан болатынын ұмытпайық.