Петропавлда іздеу салынған ер адам Павлодарда зират жақта сауда жасаған
Тексеру барысында 33 жастағы ер адам Петропавл тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін оның Петропавл қаласында қылмыс жасағаны анықталды. Павлодарда зират аумағында заңсыз саудамен айналысып жүрген жерінен қолға түскен.
– Іс-шара барысында полиция қызметкерлері зират аумағында жүрген адамды тоқтатты. Азаматты тексеру барысында 33 жастағы азамат ұрлық жасағаны үшін Петропавл қаласында іздеуде екендігі анықталды. Ер адам тергеу мақсатында Павлодар қаласы полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөліміне жеткізілді, – дейді полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Рустам Серғазинов.
Сонымен қатар, Павлодар қаласының екі тұрғыны заңсыз гүлдер мен өзге де атрибуттарды саудалағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, үш заң бұзушыға қатысты абаттандыру ережелерін бұзғаны, құрылыс қоқыстарын қалдырғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша хаттамалар толтырылды.